
Ал бір күн бұрын Қарағандыда Абылай ханның жаужүрек қолбасшысының өміріне арналған «Алаштың алдаспаны» атты алқалы жиын өтті.
Қазақ тарихының өткен жолдарына қарасақ, ел мен жұрттың ортақ ұранына айналған батырларымыз білектің күші, найзаның ұшымен қазақ мемлекеттілігінің құрылып, қалыптасуына, оның іргесі бөлінбей, аумағы тарылмай, шекарасы бұзылмай тұтас қалпында бүгінге жетуіне өлшеусіз үлес қосқан. Қара басынан гөрі жалпақ жұрттың намысын артық көрген , сол жолда басын бәйгеге тіккен қолбасшылардың бірі-Шанышқылы Бердіқожа батыр. Қаламызда өткен «Алаштың алдаспаны» атты алқалы жиын Бердіқожа батыр жайлы бейнефильмнен басталды.
Бүгінде ұлы сардардың өмірінен сыр шертетін 180 ғылыми дереккөзі бар. «Шанышқылы Бердіқожа батыр» атты кітап шыққан. Қазақтың жауынгері әрі бітімгері Бердіқожа батырға арналған конференцияның Қарағандыда өтуі де тегін емес. Себебі, батырдың бейіті Қарқаралы ауданының, Темірші жерінде.
Тарихшылар мен ғалымдардың батыр жайлы еңбектері тірнектеліп жиналды. Шежіреші Мәшһұр-Жүсіптің «Шанышқылы Бердіқожа-Абылай заманындағы ең сенімді батырлардың бірі» деген сөзі оның ханның хас батыры болғанын дәлелдейді. Сонымен қатар, Бердіқожа батыр Төле биден кейінгі үлкен саяси қайраткер, даңқты қолбасшы мәртебесінде құрметтелген. Абылай хан Бердіқожа батырсыз хан кеңесін өткізбеген, жорыққа да шықпаған деген деректер де бар.
Ел қорғаған ердің жеке заттарын зерттеген ғалымдар оның барлық қару түрлерін қолдана білгендігін айтады. Бердіқожа батырдың өшпес ерліктері мен өмір жолын өскелең қрпаққа үлгі етіп, оларды отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Батырды қайта жерлеу рәсімі өткізілді. Батыр кесенесі көтерілді.
Мақалаға сілтеме: http://kartv.kz/kz/news/culture/karkaraly-audanyndagy-shanyshkyly-berdikozha-batyrdyn-kesenesi-ashyldy
Бердіқожа батыр қазақ-жоңғар және Еділ қалмақтарымен болған ірі соғыстардың бәріне қатысқан. Қырғызға шыққан жорықта қайғылы жағдайда көз жұмады. Батыр сардардың сүйегі жатқан Қарқаралы ауданындағы кесененің ашылуынан тілшілерімізідң репортажын алдағы күндері Жаңалықтарымыздан көре аласыздар.