Қазақстан ұлттық арнасы: Қарағандыда Шанышқылы Бердіқожа батырды еске алуға арналған жиын өттіҚазақстан ұлттық арнасы: Қарағандыда Шанышқылы Бердіқожа батырды еске алуға арналған жиын өттіҚазақстан ұлттық арнасы: Қарағандыда Шанышқылы Бердіқожа батырды еске алуға арналған жиын өтті

Қазақстан ұлттық арнасы: Қарағандыда Шанышқылы Бердіқожа батырды еске алуға арналған жиын өтті

Егемен Қазақстан газеті: Алаштың алдаспаныЕгемен Қазақстан газеті: Алаштың алдаспаныЕгемен Қазақстан газеті: Алаштың алдаспаны

Егемен Қазақстан газеті: Алаштың алдаспаны

"Айқын" газеті: "Ақиқатқа айналмаған аңыз немесе Бердіқожа батырдың бейіті қалай қазылды?""Айқын" газеті: "Ақиқатқа айналмаған аңыз немесе Бердіқожа батырдың бейіті қалай қазылды?""Айқын" газеті: "Ақиқатқа айналмаған аңыз немесе Бердіқожа батырдың бейіті қалай қазылды?"

“Айқын” газеті: “Ақиқатқа айналмаған аңыз немесе Бердіқожа батырдың бейіті қалай қазылды?”

Казахстанская правда: "Батыр, защитник, дипломат"Казахстанская правда: "Батыр, защитник, дипломат"Казахстанская правда: "Батыр, защитник, дипломат"

Казахстанская правда: “Батыр, защитник, дипломат”

Шанышқылы Бердіқожа батыр кесенесінің ашылу салтанатыОткрытие мавзолея Шанышкылы Бердыкожа батыраОткрытие мавзолея Шанышкылы Бердыкожа батыра

Открытие мавзолея Шанышкылы Бердыкожа батыра

КіріспеГлавнаяMain

Main

“Айқын” республикалық қоғамдық-саяси газетінің 2016 жылғы 14 маусымдағы мақаласы

Қазақтың кең даласында талай сырды ішіне бүккен мәлім де, беймәлім бейіттер көп.

Бір қызығы, мүжіліп, қисайған молалардың басына ешқандай белгі қойылмаса да, сол төңіректе қоныстанған көнекөздер онда кімнің жерленгені туралы ауыздан ауызға, атадан балаға жеткен аңыздарға сүйеніп айтып береді. Ал оның ақ-қарасын ажыратуға, анық-қанығына жетуге әзірге тарихшылар мен археологтардың уақыты да, күш-жігері де жете қойған жоқ. Егер ғылым осы дүниеге шындап бет бұрса ұлт тарихы сүбелі де, сүйекті деректермен толығуы мүмкін бе? Әлбетте. Қазақ баласы атын әлі күнге дейін аңыз етіп айтатын Алаштың алып тұлғаларының нағыз ғылымға негізделіп жасалған толыққанды зерттеуі бар ма? Әрине, жоқ. Тіпті кейбір баһадүрлердің жерленген моласына да қатысты екіұшты әңгімелер көп. Дегенмен артынан аңыз қалдырған тұлғаларды тарихтан аршып алудың алғашқы қадамы басталды десек те болғандай. Жыр дастанда да, көрші мемлекеттердің жылнамаларында да аты жиі аталатын Шанышқылы Бердіқожа батырдың бейітін Ә. Марғұлан атындағы археология институты қазып алып, сүйектің ДНҚ-сын зерттеп, халық арасындағы аңыз бен ақиқаттың арасын ашты. Сонымен тарихтағы Шанышқылы Бердіқожа батыр кім?

Батыр туралы 175 дерек табылған
Ұлы жүз құрамына кіретін Шанышқылы руынан шыққан Бердіқожа 1708 жылы туылып, 1786 жылға дейін жасаған, нағыз алапат қырғын заманда да ең ұзақ өмір сүрген батыр болып саналады. Бұл баһадүр жайында жалпы қытайдың тарихи мәліметтерінде – 36, орыста – 22, қырғызда – 35, түрікте – 1, қазақ қолжазбаларында – 81, бас-аяғы 175 дерек табылған. Мұның барлығында да Бердіқожа батыр қол бастаған көсем, сөз бастаған шешен ретінде аты аталыпты. Жалпы, XVIII ғасыр қазақтың жер бетінде ұлт болып қалу не түбегейлі жойылып кету жолындағы жанқиярлық жанталасына толы заман болғаны белгілі ғой. Бұл кезең жоңғар-қалмақ жағадан алып, желкелеп жатқанда, екінші тұстан қытай қыспаққа салып, үшінші тұстан орыс ойрандауға кіріскенде, бауырымыз саналатын қырғыз қырғын бастап, қала берді қоқандықтар қоқаңдап, қазақты көрінгені итше талаған қияметке айналды. Алаш жұртының тағдыры дар ағашына тартылып, ақырғы демі таусылар шақта Абылай бастаған ұлттың ұлы ерлері тарихтың сахнасына жарқ етіп шыққан еді. Міне, сол алыптардың қалың ортасында Бердіқожа да жүрді.
Тарихи деректерді сөйлетейік. Батырдың туған өлкесі Шанышқылы жұрты жайлаған Ташкенттің төңірегіндегі Шыршық өзенінің бойы болып саналады. Жастайынан ат жалын тартып мінген Бердіқожаның есімі алғаш рет 1729 жылы Итішпес-Алакөл бойында қалмақтармен соғыста аталады. Тіпті екі жақтың әскері мидай араласып, қолма-қол ұрысқа көшкенде Қаракерей Қабанбайдың Кертөбел тұлпары мұрттай ұшып, батыр жаяу қалады. Сол кезде нақ жанына табылған Бердіқожа ақбоз атынан секіріп түсіп, бас батырға көлденең тартып, өзі қайтадан қырғынға араласып кете барады. Жау шегініп, дүрлігіс саябырсыған тұста Қабанбай Бердіқожаны тауып, ақбоздың тізгінін ұсынғанда ол «қан майданда мінгізген атымды қайтіп аламын?! Сізде қалсын» деп мықты тұлпарынан бас тартыпты. Жас жігіттің мәрттігі мен ерлігіне сүйсінген Қаракерей Қабанбай сол кезден бастап Бердіқожамен жан аяспас досқа айналыпты.
Бұл деректі бекерге келтірген жоқпыз. Өйткені осыдан кейін Бердіқожа батыр Қабанбаймен тізе қоса отырып, Орта жүз жасақтарымен көптеген майданға түседі. Тіптен өзіне қарасты 300-дей шаңырақты соңынан ертіп, Қарқаралы аймағына да көшіп келгенін дәлелдейтін нақты орыс деректері бар. Бұл туралы сәл кейінірек тоқталармыз.
1735 жылы Абылай ханды жоңғар тұтқынынан босатуға барған Малайсары бастаған қазақ елшілерінің ортасында да Бердіқожа батырдың аты аталады. Алаштың аузы дуалы, сөзі уәлі қадірлі тұлғаларынан құралған топтың парасатты келіссөз жүргізуінің арқасында қазақ тағдырын түбегейлі өзгертуге тікелей күш салған дара хан – Абылайдың елге оралғаны белгілі.

Қырық жылғы қырғыннан да аман қалған
Тарих зерттеушілері Бердіқожаны 1740 жылдардың ортасынан бастап тұрақты түрде Абылай ханның жанынан табылды деп санайды. Мәшһүр Жүсіп Көпеев «Шаныш­қылы Бердіқожа – Абылай заманындағы ең атақты, сенімді батырларының бірі болған, жоңғарларға қарсы Ұлы жүздің қолын бастаған батырлардың бірі» деген жазбасы осы кезеңдердегі көріністі айқын суреттейді. Тіпті Бердіқожа батыр Хан кеңесіне мүше болып, елдің әскери және басқару ісіне де тікелей араласады. Ал 1750 жылы Ұлы Орда ханы саналған Әбілмәмбет Абылай сұлтанмен бірге Түркістаннан Арқаға көшіп, Қара­кеңгірдің Сарысуға құяр тұсында хан кеңесін өткізіп, барлық көсемдерді жинайды. Сол кеңеске жасының келуіне байланысты Төле би қатыса алмай, Ташкент атырабынан Ұлы жүз сарбаздарын бастап Наурызбай, Хангелді, Бердіқожа, Тілеуке, Елшібек, Шінет батырлар тұтаса жетеді. Абылай сұлтан басқосуда қазақтан жиналған 30 мыңдай әскерді екі топқа бөледі. Алатаудың бөктерін жоңғардан тазартуды көздейтін ірі майданға түсуі үшін жиналған қолдың бас сардары етіп Шапырашты Наурызбай батыр бекітіледі. Оның оң қолы ретінде Албан Хангелді, сол қолы болып Шанышқылы Бердіқожа сайланады. Осы жолы батыр 5000 қолды бастап Қордай, Қопа, Мәтібұлақ аймағынан жоңғар-қалмақты ығыстырып шығарып, қазақ даласын жау қолынан азат етуге белсене араласады.
Таңқаларлығы сол, Бердіқожа батыр 40 жылға созылған қазақ-жоңғар соғысына толықтай қатысқан санаулы ерлердің қатарынан саналады. Сірә, тәңірі сүйген ұл болса керек, «қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген сөз тура батыр бабаға қарата айтылғандай екен. Ең негізгі дұшпанды түгелге жуық қырып, қалғанын шекара асыра қуғаннан кейін де қазақ даласында бейбіт заман орнаған жоқ. Енді босаған жерге Ақтабан шұбырындыда қазақтан бөлініп, өз алдына шаңырақ көтеріп алған қырғыздар сұқтанып ене бастайды. Міне, дала тарихындағы қазақ-қырғыз-қазақ қырғыны жоңғардың тағдырын түбегейлі шешкеннен кейін басталады.
Болса да бастапқыда Шанышқылы Бердіқожа өз қарамағындағы азғана жасақпен қырғыздарды тойтарып жүрді. Бірде жеңді, бірде жеңілді. Ақыры болмаған соң Абылайға исі Алашты көтеріп, аттануды сұрайды. Келешекті көздеген хан Абылай «түбі не қоқанмен, не орыспен соғысамыз, сол кезде қырғыз бауырымыз керек болар, тимеңдер» деп соғысты қаламаған екен. Алайда жерден де, елден де айырылып, ашынып жүрген Бердіқожа тоқтамастан арғындардың төресі атақты Көкжарлы Барақ сұлтанға барып, сөзін өткізіп 4000 қол алыпты. Алайда сыралғы жауға айналған қырғыздар Бердіқожаның жолын күндіз-түні аңдып, жорығынан толық хабардар болғандықтан сақадай-сай күтіп алады. Осы жолы қазақ жасақтары қырылып, күйрей жеңіледі. Арқаланған қырғыздар Шымкентке дейін шапқыншылық жасап, талай ауылдарды қанға бөктіреді.
Бірнеше жылға созылған сүргінде батырдың қаншама қанды көйлек достары мен туыстары ажал құшты. Қаһарына шындап мінген ол егер дәл қазір қырғыздың бетін қайтармаса қазаққа жайлы жер де, тыныш ел де қалмайтынын ұғып, Ұлы жүздің бар жақсыларын жинап, алдарына Төле биді салып Абылай ханның ордасына тағы оралады. Сірә, Төле би беделін салса керек, Үш жүздің өзге де билерін жинап, ханға қолқа салады. Ортаға Бұқар жырауды алып, Абылайды көндіруді сұрайды. Сонда Бұқар ордада Абылаймен тоғызқұмалақ ойнап отырып, былай деген екен:
– Е-ей, Абылай ханым!
Қырғыз Көкжарлы Барақты алды,
Сартбек қазақты алды,
Шолаққорған, Созақты алды
Абылай хан, Садырдың енді
Сені алмағаны аз-ақ қалды!
Осыны естігенде төзімі жұқарып тұрған Абылай шарт кетіп, шапанының бір жеңін киместен сыртқа атып шығыпты. Сыртта ханның сөзін күтіп, топтанып тұрған билер мен батырларға қарата ренжіп сөйлепті.
«Бір жағымда қоқандық сарт, бір жағымда Қытай, бір жағымда орыс тұрғанда, азғантай қырғызға қызықпай жөн тұрсақ деп едім, болмадыңдар. Кезінде қырғыз-қазақтың бұзылғанын пайдаланып, қалмақ қайта келген. Қазақ Бұқар кіріп, қырғыз Ысар кіріп, ел тентіреген. Сол естеріңнен шықты ма? Тентіреп жүріп табандарың тесіліп, «Ақтабан шұбырынды» атандыңдар. Соны ұмыттыңдар ма?» деп кейіп, ақырында «мен қырғыз үшін емес, Садыр үшін аттанамын» деп тағы да Үш жүзге сауын айтады. Міне, қазақтар 1765-1770 жылдардағы осы жолғы жорықта әуелі Ташкентке соғып, қаланы алады. Содан кейін араға азғана уақыт салып, қырғызды тас-талқан етіп шауып, көптеген ауылдарын қазақтың ішіне көшіріп әкетеді. Елірген Садыр бастаған біраз бектерін дарға асып, қалғандарына жаппай салық салады. Екі жақты елші жүргізіп, қырғыздарды Алатаудан ары көшіріп, бүгінгі күнгі шекараны белгілейді. Дәл осы шабысу мен келісу туралы қырғыз жырлары мен жылнамаларында да мол мағлұмат сақталған. Әрине, оның барлығында Абылай хан мен Бердіқожа батырды жағымсыз тұрғыдан сипаттайтыны бесенеден белгілі жайт болса керек. Ең бастысы, ұлт мұраты жолында Бердіқожа батырдың түптің түбінде еңбегінің еш кетпегені анық.
Алайда Абылай хан қырғыздың Төлеберді бастаған бас билерінің балалары мен біраз батырларын да аманатқа ала келгені белгілі. Солар ішкі жағдайды барлап үш жылдан кейін қайтып кеткен соң, осынша ойранның шыққанынан Бердіқожаны кінәлап, өлтіруді ойластырады. Ақырында кезінде аманатта болған Аша батыр, тұтқынға түсіп, босаған Бөрібай батырлар бас билердің айтуымен 80 адамдық жасырын жасақ құрып, тек түн ішінде жүріп отырып, Іленің арғы жағына өтеді. Мұнда арғын мен үйсін ауылдары араласып қонып жатқан қыс айының бас кезі екен. Батырдың қонысын әбден зерттеп білген қырғыздар түнделетіп ауылға баса-көктеп еніп, 1786 жылы 78-ге қараған Бердіқожаны байлап әкетеді. Дегенмен қолға түсіп қалудан қауіптенді ме көп жүрместен жол бойына өлтіріп, тастап кете барады.

Батырдың сүйегі ДНҚ арқылы дәлелденді
Батырға қатысты аңыз дәл осы тұстан тарайды. Оның басым бөлігінде Бердіқожа жау жерінде өлетініне көзі жеткен соң бас бармағын кесіп алып, жолдасына елге апарып жерлеуді тапсырған екен деп келеді. Мұндай аңызды Мәшһүр Жүсіп Көпеев те жазып қалдырған. Екінші бір нұсқада қырғыздар аяусыз шапқылап, қол-аяғын бөлшектеп кесіп тастаған деген нұсқада айтылады. Мо­ла­сына жалғыз бармағы көмілген дейтін аңызды Қарағанды облысының Қарқаралы аты­рабындағы көнекөздің әрбірі әңгімелейді. Әйтсе де, шынайы деректі Бердіқожа батыр­мен бетпе-бет кездескен орыс инженері Иван Андреев «Қырғыз-қайсақтың Орта жүзінің сипаттамасы» деген еңбегінде жазыпты.
«Шанышқылы руының ағасы Бердіқожа 1783 жылы 13 шілдеде алғаш рет Семей қамалына келді. Орыс шекарасына алғаш шығуы екен, бұрын қонысы шалғай болған. Мұны комендант мырзамен әңгіме кезінде айтты. Орыс қолбасыларының лайықты қабылдағанына риза болды. Қамалға келіс мақсаты – Ресей шекарасын көру, орыс әскербасыларын, жалпы орыстарды көру екен»  деп жазады И.Андреев. Жалпы, ин­женер жолсапарында Бердіқожаға арнайы тоқталып, кең-мол мағлұмат береді. Батырдың қырғыздармен 18 жыл көрші тұрып, ешбір мәміле таппағанын да көрсетеді. Шанышқылы руының 300 шаңырақтан құралғанын да түртіп, жылқыға бай жұрт екенін де ескерте кеткен. Бұдан бөлек, ең қызығы қазақ жерін зерттеген топ ішінде болған инженер кейінірек карта жасағанда Бердіқожаның өлімі туралы жазып, бейітін де арнайы белгілеп кетіпті.
Жалпы, Қарқаралы қаласынан 250 шақырым қашықтықта, Семей өңіріне жақындау Дағанделі өзенінің бойында жатқан ескі моланың Бердіқожа батырдікі екенін ең алғаш рет 2000 жылы Мұхтар Мағауин «Жұлдыз» журналына жариялады. Жазушы жазбасында ел аузындағы әңгімелерді саралай отырып, ақырында жанына сол аймақты білетін бірнеше азаматты ертіп алып, елсіздегі моланы іздеп тапқан. Жергілікті жұрт оны бұрыннан «Бердіқожа бейіті» немес «Бармақ бейіті» деп атағанымен оның анығында кім екенін ұмыта бастапты. Тек көнекөз ақса­қалдары қана «қалмақпен ұрыста қаза болған батыр ғой» деп қана қояды екен.
– Батыр жайында бала күнімізде Шыршық өзенінің бойындағы қариялардан естіп өстік. Ал есейгенде ғылыми деректерге жиірек ұшы­раса бастадым,  – дейді бүгінде Бердіқожаның рухын тірілтіп, ерлігін дәріптеумен ай­налысып жүрген техника ғылымдарының докторы, профессор Бақтыбай Қасымбеков. – Ақырында Андреевтің еңбегін оқыған соң оның картасын іздеп жүріп, Семейдегі мұрағаттан таптым. Негізі қазақ тарихы туралы тың деректер қалдырған Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің жазбаларындағы батыр бейіті «Дағанделі өзені Қарқаралыға қараған елдің шетінде, Көкшета, Дуана тауларынан көрініп тұрады» деген деректер мен Андереевтің картасындағы белгілермен сәйкес келеді. Оның үстіне жергілікті жұрт та бейітті нақты көрсетіп, «Бердіқожанікі» деген соң 2011 жылы Ә.Марғұлан атындағы Археология институтына өтініш жасап, бастап бардым. Алғашында 200 жылдан асқан кесенені жаңартуды ғана көздедік. Алайда батырды аңыздан аршып алу үшін әрі нақты көзімізді жеткізуді ойлап, моланы ашуды жөн санадық. Білем, қазақтың түсінігінде мұндай істі қош көре бермейді. Алайда бір шешімге тоқтап, жаз айында археологтармен бірге зиратты қаздық.
Еңбек еш кеткен жоқ. Қасымбеков бас­таған зерттеушілер мұнда қазақ аңызында айтылатындай тек бас бармақтың ғана емес, тұтас дененің көмілгеніне көз жеткізді. Бірақ мұны Бердіқожа батырдікі деп кім айтты? Дәлел қайда? Қатты соққыдан опырылған бас сүйек пен шорт сынған оң қол кесімді пікірге сүйенетін дерекке жата ма? «Шешінген судан тайынбас» дегендей ғалымдар тобы қазылып алынған сүйекті Мәскеудегі Ресей Ғылым академиясына қарасты Этнология және антропология институтының М.Герасимов атындағы зертханасына жеткізеді.
– Батырдың бойы шамамен 177 санти­метр, өзі құралпы замандастарынан денелі болған, – дейді РҒА Этнология және антропология институты М.Герасимов атын­дағы зертхананың қызметкері Елизавета Веселовская. – Кең иықты, жауырынды, денесінде артық еті жоқ, бұлшық еттері шиыршық атқан. Жастайынан садақ пен суық қаруларды мейлінше меңгерген. Мойны жуан әрі ұзын келген. Маңдайы кең, бас сүйегі тастай қатты. Көзі өткір, шашы қалың болған.
Ал генетикалық зеттеулер РҒА Н.Вавилов атындағы Жалпы генетика институтының зертханасында өткізілген. Генетикалық зерттеулер ДНҚ алу үшін Бердіқожа батырдың үш сүйегі қолданыпты. Ғалымдар иық сүйегі мен екі қабырғасын тексеруге алып, батырдың Өзбекстандағы 20 туысының ДНҚ сына­масымен салыстырыпты. Нәтижесі 100 пайыз, тұп-тура шыққан. Осылайша, халық аузындағы аңыз бен шындықтың арасы ашылып, нақты тұжырым да жасалды.
– Қазақ тарихындағы хандар мен батырлардың арасында тұлғасы мен сүйегі осылайша, дәлдікпен зерттелгені жоқ. Тіптен Абылай ханның өмір тарихы да бұлай ақтарылмады – деді кешегі аптада Қара­ғандыда Бердіқожа батырға байланысты өткен «Алаштың алдаспаны» атты ғылыми конференцияда ұлт зиялысы Мырзатай Жолдасбеков. – Тар кезеңде жол тапқан, тарыққанда ақыл тапқан қазаққа қорған болған ұлы тұлғалар аз емес. Елдік пен теңдік солардың арқасында сақталып қалды. Аласапыран заманда жерін қорғаймын деген батырлар бірде шығысқа, бірде батысқа шапты. Шығыста туған Қабанбайдың Астананың іргесінде жатуы, Жиделібайсын жерінде туған Бердіқожаның Қарқаралыда қалуы соның дәлелі. Таң қаласың ұшақ жоқ, бірақ ел шетіне жау тисе лезде сонда табыла кететін еді. Олар ешбір өлкеге билік немесе байлық қуып барған жоқ. Туған елдің намысы үшін аттанды. Қызылжарда туған Баян батырдың Іле бойында қалғаны, Ерейментауда туған Малайсарының Алатауда жатқаны, Жетісуда туған Жауғаш батырдың Түркіс­танда, Ақтөбеде туған Тілеу батырдың Сайрамдағы шайқаста мерт болғаны белгі. Ұлттық этникалық тұтастықтың белгісі.
Батыр ұрпақтарының ұйыстырып өткізген шарасына Өмірбек Байгелді, Несіпбек Айтұлы, Болат Жылқышиев, Бақытжан Әбдірайымов, Дархан Қыдырәлі, Дәулеткерей Кәпұлы сынды ел зиялыларынан бөлек, Өзбекстан, Ресей, Қытай жақтағы туыстары да келді. Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамед Әбдібековтың өзі қонақтарды бастап екі күн жүрді. Ертесіне елмен бірге Қарағандыдан 450 шақырым қашықтықта жатқан Бердіқожа батырдың кесенесінің салтанатты ашылу рәсіміне де арнайы барып қатысты. «Бердіқожа батыр» қорының тікелей бастамасымен тұрғызылған кесене Ташкентте туылып, ел мұраты жолында шығыста жан қиған Алаштың алып тұлғасының ерен ерлігін бүгінгі ұрпағына паш етіп тұр.

Бейсенбай ДӘУЛЕТҰЛЫ,
Астана – Қарағанды – Қарқаралы

 

Мақалаға сілтеме: http://aikyn.kz/ru/articles/show/25216-a_i_at_a_ainalma_an_a_yz_nemese_berd_ozha_batyrdy_bei_t_alai_azyldy_

Previous pageШалқар радиосы. Арнайы жоба бағдарламасы. 06.06.2016ж. Next pageҚазақ радиосы. Замандас бағдарламасы: "Бердіқожа батыр". 14.06.2016ж.

Leave a comment

Name(required)

URL