Қазақстан ұлттық арнасы: Қарағандыда Шанышқылы Бердіқожа батырды еске алуға арналған жиын өттіҚазақстан ұлттық арнасы: Қарағандыда Шанышқылы Бердіқожа батырды еске алуға арналған жиын өттіҚазақстан ұлттық арнасы: Қарағандыда Шанышқылы Бердіқожа батырды еске алуға арналған жиын өтті

Қазақстан ұлттық арнасы: Қарағандыда Шанышқылы Бердіқожа батырды еске алуға арналған жиын өтті

Егемен Қазақстан газеті: Алаштың алдаспаныЕгемен Қазақстан газеті: Алаштың алдаспаныЕгемен Қазақстан газеті: Алаштың алдаспаны

Егемен Қазақстан газеті: Алаштың алдаспаны

"Айқын" газеті: "Ақиқатқа айналмаған аңыз немесе Бердіқожа батырдың бейіті қалай қазылды?""Айқын" газеті: "Ақиқатқа айналмаған аңыз немесе Бердіқожа батырдың бейіті қалай қазылды?""Айқын" газеті: "Ақиқатқа айналмаған аңыз немесе Бердіқожа батырдың бейіті қалай қазылды?"

“Айқын” газеті: “Ақиқатқа айналмаған аңыз немесе Бердіқожа батырдың бейіті қалай қазылды?”

Казахстанская правда: "Батыр, защитник, дипломат"Казахстанская правда: "Батыр, защитник, дипломат"Казахстанская правда: "Батыр, защитник, дипломат"

Казахстанская правда: “Батыр, защитник, дипломат”

Шанышқылы Бердіқожа батыр кесенесінің ашылу салтанатыОткрытие мавзолея Шанышкылы Бердыкожа батыраОткрытие мавзолея Шанышкылы Бердыкожа батыра

Шанышқылы Бердіқожа батыр кесенесінің ашылу салтанаты

КіріспеГлавнаяMain

Кіріспе

Бала кезден ауыл қарияларының әңгімелерін тыңдап өстік. Ымырт үйіріле, кешқұрым ауыл маңындағы үлкен төбенің басына жиналатын шежіре-қарттар тарихтың тұңғиығынан сөз қозғап, батырлар жырларын айтатын, жатқа қиссалар оқитын. Бізді өткеннің таңғажайып тереңіне бастап, алып батырлар туралы әңгімелер айтатын. Ауыл балалары мұндайда ойынды ысырып тастап, қарттардың сөздеріне құлақ қоятын. Бір әңгімені аяқтап, екінші әңгіменің ұшын шығарған ақсақалдар ай көрінгеннен кейін, аяңдап ауылға түсетін.

Тағылымы мол осындай кештің бірінде ауылдың жасы үлкен әрі қадірменді қариясы Тасқынбай ата тарих туралы толғай келіп:

- Батырлардың ішіндегі хас батыр, өлімнен қорықпаған, найзадан қайтпаған ер – Бердіқожа батыр еді ғой. Ол тек Шанышқылының ғана  емес, тұтас қазақтың қайсар, ер мінезді ұлы болатын. Әттең … осы күнге дейін бабамыздың жерленген жерін біле алмай жүргеніміз өкінішті-ақ, – деп көкжиекке қадала қарап, біраз ойланып қалды. Содан кейін қария бізге мейірлене көз тастап: «Ал, сендер, балаларым, алда-жалда батыр бабаларың туралы естіген-білгендерің болса – ұрпаққа естелік қалдырыңдар, зиратын тапсаңдар, басына барып дұға оқып, біздің ауылымыздың атынан бір уыс топырақ салыңдар. Сонда жарықтық бабаның аруағы да бір аунап түседі», деп аталық аманатын айтты. Бұл сөзді кейінірек Қаратай Тұрысов, Мекембай Омаров ағаларымыз да еске алып, қостап-қолдап, қуаттап жататын.

Одан бері көп уақыт өтті. Талай су ағып, бірталай дүние өзгерді. Ұрпақтың алмасуы, қоғамның ауысуы болып өтті. Ақырын сөйлейтін заман артта қалды. Талықсытып барып жеткен тәуелсіздіктің арқасында ес жидық, етек жаптық. Елдің іргесі бекіді. Ел, жер, ер тағдырына қатысты тарихи ақиқаттар ортамызға қайта оралып, құндылықтар мен ұлттық мұраларға деген көзқарас жаңаша сипат ала бастады. Жаңа тарихи тұлғалардың есімдері жарқырай көрінді. Демек, бұл тұста елін қорғаған ерлердің есімі атаусыз қалмауы тиіс.

Осы уақыт аралағында бағындырған белес пен қол жеткізген табыстың тәуелсіз Қазақстанның арқасында екені аян. Алған білімім мен жиған тәжірибемді мемлекетіміздің игілігі, ұлтымыздың мүддесі жолында жұмсап, аянбай тер төгіп келемін. Бірақ, қайда жүрсем де ауылымыздың ақсақалы аманат еткен сол бір аталы сөз құлағымнан кетпей қойды. «Шанышқылы Бердіқожа батыр. Ол кім? Неге батыр, несімен батыр? Неге Шанышқылы деп тұтас рудың атын батырға қосарлана айтады?  Тұтас қазаққа қандай еңбегі сіңген? Тарихта бар болса, жерін жаудан қорғап соғысса, ерлік көрсетсе – неге есімі Қарасай, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай және тағы сол секілді батырлардың қатарында аталмайды? Қайда жерленген? Зираты қайда? Ұрпағы неге іздемейді?» деген сан сауалдар жан-жағымнан үздіксіз қаумалап, үнемі мазалап жүретін. Әсіресе соңғы кездері «Неден бастау керек? Кімге бару қажет?» деп жиі ойланатынмын. Мұның жауабы бір күні ойламаған жерден табыла кетті.

2005 жылдың 22 шілдесі болатын. Қызметтен кештетіп келіп, әдеттегідей сол күнгі «Егемен Қазақстан» газетін оқи бастадым. Газет бетінде филология ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ақселеу Сейдімбектің «Байғозы батыр» атты кең көлемдегі дүниесі жарық көріпті. Оқи бастадым. Оқып отырып төбем көкке бір елі жетпей қалды. Таптым! Табылды! О, жасаған ием! Тәуба! Тәуба!..

Мақалада батыр бабам Шанышқылы Бердіқожа туралы ғалым – қаламгер ағамыз бір рет емес, үш жерде ерекше атап көрсетіпті. Мақаладағы мына жолдарды жүрегім толқып, сірә, жүз рет оқыған шығармын: «Байғозы батыр өз кезегінде … Керней Жарылғап, Әлтеке Жидебай, Шанышқылы Бердіқожа, Шапырашты Наурызбай, Уақ Баян, Албан Райымбек сияқты батырлармен жорықтас жолдас, төс тигізген дос-құрдас болады. Осы орайда Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің сөзі еске түседі, – деп жалғастырады ғалым А. Сейдімбек.- «Абылай ханның заманындағы қазақ жұртынан шыққан батырлар Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Қаз дауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек, Көкжарлы Көкжал Барақ… Шанышқылы Бердіқожа, Сырым Малайсары… Балтакерей Тұрсынбай, Тарақты Байғозы, он сан Орта жүзге ұран болған Олжабай, Малай жәдігерден Жауғаш, Биғаш, бөрі тонды бөрте атты, бөрі бас Орманшы, Ақсары Шотана, Қозған Биікше мерген, қарауылшысы Әлтеке Жидебай, Уақ Сары Баян. Бұл айтылған батырлардың бәрі де Ербекейше бұзау жарып батыр атанған емес, жалғыз жүріп қалмақтың қамалын бұзған батырлар…

Алтын қақпалы қорғанды бұзатұғын жолда Сырым Малайсары да бар еді, Шанышқылы Бердіқожа да бар еді, – депті Мәшһүр Жүсіп».

«Егемендегі» мақаланы оқи отырып, Бердіқожа батыр бабам ру тайпаның, шағын елдің емес, алаштың, қазақтың намысын қорғаған, бес қаруын сайлап, кегін алмай қоймаған, он жылдығын ойлап артынан ерген бір қауым жұртты  асыраған нар тұлғалы ер екеніне көзім анық жетті.

Батырды іздеуге мұрындық болған мақаладан кейін ұйқы жайына қалды. Дереу батыр жөнінде нақты дерек берген қазақтың Мәшекеңі, алаштың атақты шежіресі атанған Мәшһүр Жүсіптің еңбектеріне ден қойдық.

Қолымда 1993 жылы Алматыдағы «Жалын» баспасынан шықан М.Көпейұлының «Қазақ шежіресі» атты кітабы. Соның 73–ші бетінде, аруағынан айналайын, Мәшекең «Шанышқылы Бердіқожа» деген арнайы тарау жазған екен. Онда мынадай жолдар жазылыпты: «Абылай хан заманында Шанышқылы Бердіқожа батырды жерге таласып, кектесіп жүріп руы аздығынан өштескен дұшпан  өсіп-өнген руы – туғаны көптігінен ұстап алып өлтірейін деп жатқан екен:

Туысқаны аз елдің ерлігі зая,

Тілеуқоры жоқ ердің еңбегі зая.

Екіден кіші балам,

Ержеткен соң бәлем,

Қаратал Қояндыға қосынды тая, -

деген екен. Сол айтқаны айтқандай болып, екіден кіші, үшінші баласы ер жетіп, ат арқасына мінген соң, әкесін өлтірген екі ағайынды неме екен, сол екеуінің бірін Қаратал Қояндыда өлтіріп, бірі қашып, «бұл Арқада болсам, мені тірі қоймас» деп, Бұхар кеткен екен. Соны қоймай қуып барып, сол Бұхарда жүрген жерінде өлтіріпті. Бердіқожаны жоқтаған жоқтауында айтылған екен:

Мінгені Бердекемнің қара алаяқ,

Жау, шіркін, кескілепті-ау аямай-ақ.

Бердіқожа батыр балаларын сынағанда былайша сынайды екен. Үйелмелі -сүйелмелі үш баласы болыпты, бір-бірімен тетелес туған. Бірде пышақты сабын жерге тіреп, ұшып жоғары қаратып, балаларына:

- Ана жақтан домалап келіп, мына пышақтың үстінен өтіңдерші, – дейді екен. Үлкен баласы домалап келуін келіп, дәл пышаққа жақын келгенде, тайқып – жалтарып аунайды екен. Екіден соңғысы пышақпен жұмысы жоқ, жалтармай – бұлтармай аунайды екен. Пышақтың өзі жалтарады екен. Өзін жау өлтірерін білген соң, жолдасына айтқан екен:

- Жау жерінде қалдым ғой, менің сүйегімді алып кете алмассыңдар, бір бармағымды кесіп алып, маңайлас жерлеріне көміңдер де, соған там салып, «Бердіқожа тамы» атаңдырыңдар. Мені есіне алғандар дұға ғылып өтер, – деп.

Дағанделі өзенінің жағасына там салыпты, шошақ мола күні бұл күнгіше құламай тұр деседі. Дағанделі өзені Қарқаралыға қараған елдің шетінде, Көкшетау, Дуана тауларынан көрініп тұрады, – дейді.

Жүргіншінің қара жолының үстінде, Жетісуға барғандар Қозы Көрпеш – Баян тамын көрдік, Шанышқылы Бердіқожа батырдың тамын көрдік деседі». Мәшһүр Жүсіп атамыз қалдырған жазбаларында осылайша ой түйіпті.

Мәшекеңнің артында қалдырған мұрасын оқығаннан кейін мен тағат таппадым. Тарихшылар мен ғалым-зерттеушілердің XVIII ғасырдағы тарихи оқиғалар, сол кезеңдегі батырлар мен билер жөнінде жазған кітаптарын іздестіре бастадым. Ішінен Бердіқожа бабам туралы деректерді теруге көштім. Деректер жинастырып жүріп, Мәшекең жазып кеткен Қарағанды облысындағы Қарқаралы ауданының азаматтарына да сұрау салдым. Мұндайда уақыт өтіп бола ма? Дегенмен, батыр бабамыз жайында жазылған кітаптар, зерттеулер, мақалалар мен архивтік мәліметтер бірте- бірте жинақтала бастады. Өткен 2007 жылдың мамыр айында Қарқаралы ауданынан жақсы хабар келіп жетті. Мәшекең атамыз жазғандай, Дағанделі өзенінің биік бір белесінде Бердіқожа батырдың тамы бар болып шықты.

Дереу жолға жиналдық. «Қазақстан» ұлттық телеарнасының тілшісі мен операторы, тағы бірнеше азамат былтырғы жылдың 17 мамырында Қарқаралыға келіп жеттік.

Бізді ұлтжанды азамат, Қарқаралы ауданының әкімі Ниқанбай Омарханов жылы жүзбен күтіп алып, батыр жерленген жерге өзі бастап алып барды. Қарқаралыдан 250 шақырым қашықтықтағы Темірші ауылына түске таман іліндік. Ауылдан 45 шақырым жерде Мәшекең жазған Көкшетау мен Дуана таулары орналасқан екен. Екі таудың аралығындағы Дағанделі өзенінің биік жерінде ескі мазардың жанында тұрмыз.

Осыдан екі жарым ғасыр бұрын тұрғызылған батыр бейітінің екі қабырғасы құлап, кесектері жан-жақта шашылып жатыр. Күмбезінің жартысы ғана сақталыпты. Жел мен жауыннан мүжіліп, күннің көзіне күйген, уақыттың табына зорға шыдаған батыр мазары сонда да өзінің асқақ кейпін сақтап қалыпты. Ұзындығы сегіз метр шамасында, күмбезі доғал, төрт құлақты, биіктетіп соғылғаны көрініп тұр. Оңтүстік – Шығыс бұрышы сақталып қалған иіннің бітісі оның шаршалы шикі кірпіштен өрілгенін аңғартады. Бейіттен сәл төменде таспен шегенделіп тастаған құдық бар екен. Тереңдігі қырық құлашқа жетер-жетпес. Суы таза әрі суық. Кезінде бұл маңайда, іргедегі Дағанделі өзені бойында батыр бабаға қарасты ауылдар қоныс тепкен көрінеді.

Дәл осы жерде XVIII ғасырда Абылай ханның туының астына бір қол болып бірігіп, қазақ елін қанымен, жанымен қорғаған Бөгенбай, Қабанбай, Шапырашты Наурызбай мен Керей ер Жәнібек, Барақ батырлармен тізе қосып айдаһардай Қытай мен қаһарлы жоңғар-қалмақ басқыншыларына қарсы қайсар ерлік көрсеткен Бердіқожа батырдың мүрдесі жатыр дегенге не сенеріңді, не сенбесіңді білмейсін. Алайда, алыстан арнайы ат басып тіреп келген бізді Темірші ауылының әкімі Қайрат Мұхтардың сөзі жігерлендіре түсті.

- Бала кезімізде көнекөз қариялар «бұл зиратта жаугершілік заманда қол бастаған батыр жерленген» деп айтып отыратын. Кейіннен Мәшһүр – Жүсіп Көпейұлының кітабы арқылы бұл жерде Бердіқожа батыр жатқанын оқып білдік. Кейбіреулер  «Бармақтың бейіті» деп атайды. Оның мәнісі мынада болса керек: жоңғарлармен шайқаста жау қоршауында қалатынын сезген батыр үзеңгілес жолдастарына бармағын қылышпен шауып беріп, оны ел көп жүретін жерге жерлеуін сұраған деседі. Бұл нақты дәлелденбеген. Аңыз түрінде айтылады, – деп аяқтады сөзін ауыл басшысы.

Ал Темірші ауылының тұрғыны, Қабыкеш Елжанов деген қария ауыл басшысын қостап, былай деді:

-         Осы Дағанделі өзенінің бойында 1968 – 1970 жылдары жылқы бақтық. Онда өзеннің суы көп, ағысы қатты еді. Мына жақтан Шұбартау ауданының, мына жақтан Қарқаралының малшылары осынау көкорай шалғынды, майса алқапқа келіп бас қосатын. Бірін-бірі қонаққа шақырып, әңгіме-дүкен құратын. Сондай әңгіменің бірінде шұбартаулық Керей Таңсықбайдың Қасені бұл зиратта Бердіқожа батырдың денесі жатыр дегенді айтып еді. Мен бұл бейітті 1962 жылы көргенімде қабырғалары, кесектері түгел болған. Содан бері қаншама жылдар өтті. Күтім болмағасын бейіт құлап, топыраққа айналады емес пе?..

Аудан әкімінің айтуынша, осы аумақта қазақ елінің қазығы ретінде сақталған 300-ден аса тарихи – мәдени ескерткіш бар көрінеді. Жалпы Қарқаралының үш мың жылдан астам тарихы бар, ғалымдар бұл аймақтың 10-15 пайызы ғана зерттелгенін алға тартады. Десе де, соңғы жылдары «Мәдени мұра» аясында бірқатар игілікті іс-шаралар қолға алынған көрінеді.

Кезінде қазақ өнерінің ордасы атанған Қоянды жәрменкесінен бастап Қарқаралының тарихын зерттеуде, тарихи ғимараттарға реставрация жасап, қалпына келтіруде соңғы жылдары едәуір жұмыстар атқарылыпты. Әкімнің айтуынша, іргесі қаланғанына 156 жыл болған Қарқаралыдағы Құнанбай мешіті қалпына келтіріліп, Абай тоқтаған үй мен дәулескер күйші Тәттімбеттің мазары жөндеуден өтеді екен. Сонымен қатар дауылпаз ақын Қасымның туған ауылын абатандыру мен атақты сазгер-әнші Мәди Бапиұлының мұраларын жарыққа шығару үшін де қомақты қаржы бөлінеді екен. Қуанғанымыз – осынау игілікті шаралардың арасында Бердіқожа батырдың бейітін жаңарту ісі де жоспарда бар екен.

Сонымен, өзіміз басына тәу етіп, Құран бағыштаған, кіндік қаны тамған жерден алыс жатқан Бердіқожа батыр туралы не білеміз? Енді қолдағы бар деректерге бір сәт назар аударайық. Қазақстан ұлттық энциклопедияның 2-ші томының (Алматы, 1999 жыл) 286-бетінде Бердіқожа батыр туралы мағлұмат бар екен. Онда: «Бердіқожа батыр (шамамен 1690-1770 ж.ж) – жоңғарларға  қарсы шайқаста қол бастаған аға батыр. Мағлұматтарға қарағанда қазақ қолбасылары Бердіқожа батырсыз хан кеңесін өткізбеген, жорыққа да шықпаған. Оны ұлы жүзде Төле биден кейінгі үлкен саяси қайраткер, ұлы қолбасшы мәртебесінде құрметтеген. Бердіқожа батыр Аягөз, Бұланты-Білеуті және Сарысу өзені бойындағы, Іле басындағы Талқы, Ебі, Ембі, Алакөл, Алтайдағы Ұланасу, Қандысу, Айдынсу, Шар, Шорға ұрыстарында, Қозымаңырақ, Қоймаңырақ, Ақшәулі, Итішпес көлдері маңындағы, Аңырақайдағы шайқастарда Ұлы жүз жасақтарына басшылық еткен» деп жазылған. Басқа-басқа, ғылыми-тарихи жағы жіті зерттелген, күмәнді ойдан ада энциклопедиялық еңбек бұлтартпас айғаққа құрылады. Демек, Бердіқожа батыр Абылай ханның дәуірінде әрі қолбасшы, әрі ірі саяси қайраткер болғаны тарихтан мәлім болып отыр. Хан кеңесі, анау-мынау емес, үш жүздің игі жақсысы бас қосқан хан отырысы Бердіқожа батырсыз өтпеуі – оның  ақылы асқан кемеңгер адам екенін әйгілейді.

Тарихи тақырыпқа тың түрен салған, қазақ әдебиетінде қабырғалы орны бар Қабдеш Жұмаділовтың «Дарабоз» атты романында да Бердіқожа батырдың достыққа берік, адамгершілігі мол, қиындықта әрдайым жолдас-жораның жанынан табыла білетін қасиетті адам екені айтылған. Жазушы Шанышқылы Бердіқожаның 1729 жылы Итішпес – Алакөл бойында қалмақтармен болған ірі шайқаста Кертөбелінен айырылған Қаракерей Қабанбайға өзінің Ақбоз атын беріп, қаптаған қалмақ қолынан батырды аман алып қалғанын баяндайды. Жазушының пікірінше, Қабанбайдың «Дарабоз»  атануына себепші болған да сол Бердіқожаның Ақбоз аты екен. Содан кейін Бердіқожа мен Қабанбай екеуі жан аямас дос болады. Көп жыл бойы Қабанбаймен тізе қосып, орта жүз жағында бірге соғысады.

Шежіреші Мәшһүр–Жүсіптің: «Шанышқылы Бердіқожа – Абылай заманындағы ең атақты, ең сенімді батырлардың бірі» деген сөзі  Бердіқожаның Абылайдың адал да хас батыры болғанын дәлелдесе керек.

Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Жалаңаш баба» деген шығармасында Абылай туы астында біріккен Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шанышқылы Бердіқожа, Көкжарлы көкжал Барақ батырларды атайды. Зерделі ақынның сөзіне сенсек, Көкжал Барақ пен тама Шынқожа найман жігіттерінен құралған 2000 жауынгерлерді бастап, Алатаудағы қырғыз ауылдарын шауып, құл алып, күң алып, көп олжамен қайтыпты. Осы жағдай, кейінде болған жер мен керуен жолдары үшін даулар азаттық жолында бірге күрескен екі ел арасына сызат түсіріпті. Осы кезде «Қордай, Шу бойы мен Талас аймағын қорғап, тыныштықты орнататын Бердіқожа бар ғой» – деп, оған үлкен сенім артып, Абылай хан дау мен келіссөздерге араласпаған екен. Бұл тарихи мәлеметтерге сүйенсек, Бердіқожа көзсіз батыр ғана емес, екі ел арасын бітімгершілікке шақырып, жер, ел, ер дауларын шешуге қатысқан, қабілетті елші де болғанын аңғарамыз.

Ғалым – қаламгер Ақселеу Сейдімбек атап көрсеткендей («Егемен Қазақстан», «Байғозы батыр», 22.07.05 ж.)  ғасырдан астам уақытқа созылған (XVII – XVIII ғ.ғ.) бұл соғыс қазақ хандығы үшін, бір жағынан шығын мен құрбандық әкелсе, екінші жағынан – мемлекеттің орнығуына, елдік ұғымының бекемденуіне, ұлттық сезімнің нығаюына, туған жердің халық санасында киелі сипат алуына, ең мәндісі ұлттық асқақ рухқа идеал болатын әйгілі тұлғалардың халық жадына орнығуына айрықша ықпал етті.

Мәселе – сол соғыс барысында қазақ ұлтының болмысына елдік пен ерлік рухының біржола дарып үлгеруінде. Шоқан Уәлиханов жазғандай, сол заман қазақ халқы үшін шын мәнінде ерлік пен серіліктің заманы болды. Қазақ халқының жоңғар (ойрат, қалмақ) шапқыншылығына қарсы жүргізген «Ұлы Отан соғысында» (А. Сейдімбек) қазақтың көп батырының арасында Ұлы жүздің Шанышқылы руының шыққан Бердіқожа батырдың атының ерекше аталуының қисыны бар. Бұны тарихи жазбалар, сол кездегі деректер толық растайды.

Қаламы қарымды жазушы, тарихи тақырыптардың білгірі Мұхтар Мағауиннің 13-томдық шығармалар жинағында (Алматы, «Қағанат» баспасы, 2002 жыл) Шанышқылы Бердіқожа туралы қызықты әрі тың деректердің барлығы бізді қуантып тастады.

Мұхаң өзінің кітабында былай деп сөз өрнектейді:

«… Хан Абылай аттанды дегенді естіп,

Келіпті Шанышқылыдан Бердіқожа …

Мәнісі мол, жүгі ауыр осы бір өлең жолдарын алғаш рет аспирант кезімде, ежелгі жыраулар мұрасын айғақтап, қадым кітап, көне жазбаларды қопарыстаған сәтті күндердің бірінде, қазақтың барлық ескілікті сөзін көкірегіне түйген Мәшһүр – Жүсіптің «Мес» жинағынан ұшыратқан екем. Екі жүз жылдық ойрат – қазақ соғысының ақырғы, шешуші кезеңі, Абылай хан үш алашқа сауын айтып, қалмақтың бетін теріске бұрған әуелгі ұлы жорықтарының біріне дайындалып жатқан шағы болса керек. «Келіпті      Шынышқылыдан Бердіқожа». Әрине жалғыз емес. Соңында аз ба, көп пе, тастүйін жасағы бар …

Көз алдыма ақбайпақ қара тұлпарға мінген, мұздай құрсанған жаужүрек жас батыр елестеген. Сол күннен бастап Бердіқожа есіміне назар аударып едім. Ғылым академиясының  қолжазба қорында «Бердіқожа батыр» атты жыр бар екен. Арнайы алдырып көрдім. Шақпақ жол оқушы дәптеріне араб әрпімен жазылған. Көлемі әжептеуір, бірақ әлдебір ұмытылған эпостың екі бөлек үзігі сияқты, аяғы және жоқ – жақсылығын көре тұра көңілім толмайды, іздегенім табылмаған. Әйтсе де, Бердіқожаның Абылай заманындағы атақты ер екені, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Керей ер Жәнібек, Көкжарлы Барақ батырлармен үзеңгілес серік, қарулас батыр болғаны аңдалған». Жазушы Мағауин осылай ой өрбітіп, Бердіқожаның көптеген ерлік істерін, батырлық мінезін шынайы суреттейді.

Тағы бір жерінде қаламгер: «ауыл арасындағы тентек – ұлт батыры дәрежесіне жетіп, қамшы ұстаған байшыкеш – көсем дәрежесіне көтеріліп, балпақ – болат таңылып, ұлтан – ұлт тұлғасы деп жарияланған, Алаштың туын көтеріп, елін сақтаған аруақты батырлар қатардағы көптің біріне айналған, асқаралы алыптар атаусыз қалып жатқан бүгінгі күні, әрине, тікелей ұрпақтары, байлыққа жетпеген, аталас ағайыны билікке жетпеген басқа да арыстар сияқты, бір кезде қазақтың қайқы қара қылышы болған Бердіқожа батырдың есімі де ұмытылуға жақындаған еді.

Әйтеуір мүлде ескерусіз қалмасын деп «Қазақ тарихының әліппесі» атты кітабымда Абылай заманының  бас  батырларының қатарында атадым, – деп жазыпты. Аталасы үшін ғана емес, дүйім елдің, алты алаштың мұраты үшін атқа қонып, елінің тәуелсіздігі жолында жан берген «қазақтың қайқы қара қылышы – Бердіқожа батырды атаусыз қалдырмай, есімін ілтипатпен еске алған жазушы ағамызға мың алғыс.

Мұхтар Мағауиннің сөзіне ден қойсақ, Мемлекеттік сыйлыққа ие болған «Аласапыран» тарихи роман–диалогиясындағы Шанышқылы батырдың тікелей прототипі Бердіқожа батыр екен.

Мұхтар Мағауиннің сөзінінен көп нәрсені ойға түюге болады. Бірақ бір нәрсе мені мазалап, қояр емес. Неліктен Бердіқожа өзінің туып – өскен атамекенін тастап Арқа жеріне келіп, мәңгі тыныс тапты? Не себеп? Бұл жайында ғалым–зерттеушілер не деген?..

Орыс әскерінің офицері, тарихшы әрі этнограф ғалым Иван Григорьевич Андреевтің  «Қырғыз – қайсақтың Орта жүзінің сипаттамасы» деген еңбегінде бұл жөнінде аздаған мағлұмат ұшырасады екен. Оның жазуынша, 1781 жылы  Абылай хан қайтыс болғасын Алатаудан асырылған қырғыз қайтадан қазақ жеріне еміне бастайды. Міне осы кезде Аягөз маңына қоныс тепкен Бердіқожа батыр қырғыздарға қарсы соғысқа аттанады. 1785 жылы Аягөздің тұсында батыр бастаған қазақ қолы қырғыздарға күйрете соққы береді.  Бердіқожа батыр 18 жыл бойы қырғыз ауылдарымен аралас отырған жерін тастап келгенде, қырғызға қарсы шыққан жорықтарында көмек бермеген Аягөздік наймандарға өкпелеп, Сарыарқаға ойысады. Сөйтіп 1783 жылы мамырда Шыңғыстау аймағына біржолата көшіп келеді.

И. Андреевтің жазуына қарағанда, Бердіқожа бастаған Шанышқылы ауылы малға бай, жылқысы көп, ұзын саны үш жүз шаңырақ болыпты. Әрине, Бердіқожа батыр Арқаға наймандарға өкпелеп келді ме, әлде, басқа да жағдай болды ма, ол жағын анық біле алмаймыз. Ақиқаты – ақиреттегі денесі Арқаның шұрайлы да көркем жерінде жатқандығы.

Бердіқожа батырдың өлімі туралы да әртүрлі дерек бар. Орыс офицері И. Андреевтің жазбасына сенетін болсақ, Бердіқожа батыр аз ғана қолмен қырғызға қарсы шайқасқа аттанады. Іле өзеніне келіп қырғыздарға таяу аялдайды. Қазақ қолы артта қалған жасақты күтіп аттарын отқа жіберіп, қамсыз жатады. Осы кезде қырғыздың жасағы, шамамен 80 адам, олар да аттанысқа шыққан екен, қос тігіп бейқам жатқан қазақтың үстінен түседі. Бердіқожаның басын шауып, аяқ–қолын кесіп, қарнын жарып, бөлшектенген мүшелерін далаға тастап кетеді. Мұндай сұмдықты көрген қазақтың артынан келген жасағы қырғыздарды қуа жөнеліп, ұрыста жеңіп, Есенгелді манаптың ұлын тұтқынға түсіріпті. Батырдың сүйегін алып еліне қайтады.

2007 жылы Бішкек қаласында жарық көрген «Алымбектин санжырасы» («Қырғыз шежіресінде») деген кітапта Бердіқожа батырдың Есенқұл бастаған көп қолымен аямай шайқасып, ақыры, қырғыздың қылышынан қаза тапқаны жазылған. Демек, батырдың  қырғыздардың қолынан мерт болғаны ақиқат.

Бердіқожа батыр – 1786 жылы қаңтарда, мәйіт бұзылмайтын қыс кезінде қаза тапқан. Ауылға жетіп, қаралы хабарды естірткен соң, боршалаған денені көрген Бердіқожаның әйелдері тұтқынға түскен Есенгелді манаптың ұлын пышақтап өлтірген. Батырдың артында інісі Секлоян (Секержан) мен төрт ұлы қалады. Үлкені – Лепес, енді бірі – Шоқ, қалғанының есімдері белгісіз …

Арманы жоқ батыр жау қолынан өледі. Ер мұраты сол екен.

Бердіқожаның соңынан ерген шанышқылардың бір бөлігі бас батырынан айырылған соң Шығыс Түркістанға өтіп, Абақ керей арасына барып, керей ішіндегі шанышқылы атаны құрайды. Сол шанышқылардың бүгінгі ұрпағы өздерін керейміз, әруақты Бердіқожаның әулетіміз десіп жүр. Бірақ олардың кейін өз жері Ташкент маңына қайта оралғаны туралы да тарихи дерек бар …

Бірқатар тарихи жазбаларда Бердіқожаның аруақты, әулие, өте қасиетті кісі болғаны айтылады. Дегенмен, қаншалықты әулие – батыр болғанын дөп басып айту қиын екенін біле тұра, біз куә болған бірнеше жайт Бердіқожаның тегінің тегін емес екендігін айғақтайды.

Бердіқожа батыр жөнінде бізге жеткен деректердің ішінде ең бір қомақтысы әрі құндысы – М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында сақталған шығысқазақстандық Ержан Ахметовтың (1879-1967 ж.ж.) көнекөз қариялардан жазып алып ел ішінде таратқан «Бердіқожа батыр» атты тарихи жыры. Бұл жырды белгілі ғалым Бекмұрат Уқатов Ержан Ахметовтың аузынан 1958 жылы жазып алған. Қолжазба арабша жазылған.

«Батырдың бейіті табылды. Тез жетіңіздер!» деген қуанышты хабарды естіген күннің ертеңіне Қарқаралыға жеткенімізді жоғарыда айтып өттік. Бізді аудан әкімі Ниқанбай Омарханов жылы жүзбен қарсы алғанымен, өңінде бір абыржушылық бар екенін байқағанбыз. «Е, жұмыстан шаршап жүрген болар», деп біз де онша көңіл аудармадық. Қабылдауында отырып Бердіқожа батыр туралы ой бөлісе бастағанда ұялы телефоны шыр ете қалды. Сөйлесіп жатып көзіне қуаныштан жас алғандай болды. Сөйткенше болған жоқ, әкімнің орынбасарлары Ниқанбайды құшақтап, құттықтай бастады. Сұрастыра келсек, Ниқанбайдың тұрмысқа шыққан қызы бірер апта перзентханада толғағы қысып, босана алмай қиналып жүр екен. Құдайдың құдіретінде шек жоқ ғой, Бердіқожа батырдың басына жиналып жатқанда мынадай қуанышты хабарды естіп, төбеміз көкке жеткендей болды. Өзі де қайта-қайта «Батыр бабамыздың шапағаты шексіз екен. Әруақты кісі ғой» деп айта берді …

Тағы бір көрініс. Батыр бейітінің басына барғанда күмбезге лашын, не  қырғи келіп қонып, адамнан да, киноға түсіріп жүрген оператордан да үрікпей міз бақпай отыра берді. Біз мұны батырдың зиратын қызғыштай қорғап жүрген киелі құс деп түсіндік.

Қарқаралыдағы Құнанбай мешітінің имамы Нұрбек қажы бейітке жүрелей отырып батырдың аруағына дұға бағыштаған сәтте ойламаған жерден  төбемізге дала бүркіті келіп, айналып жүргені де таңқаларлық жайт болды. Не алыстап, не жақындап келмей, қыран көкте самғап ұшып жүрді. Біз көлікке отырып Қарқаралыға қарай бет алғанда, көп уақытқа дейін төбемізде айналып, едәуір жерге дейін шығарып салды. Мүмкін, бұл қыран да Бердіқожа батырдың киесі болар …

Мұхтар Мағауин да өзінің кітабында Бердіқожа батырдың әруағы туралы бірқатар сыр шертіп кетеді.

Көкшетау мен Дуана тауларының арасы «Шоқан» кеңшарының жайлауы болып саналады. Жазушыны осы бейітке бастап келген Кенже Қашымашымовтың айтуынша, 1965 жылдың 22 маусымында кенеттен қара бұлт қаптап бұршақ жауып, кеңшардың тоғыз мың қойы үсіп өліпті. Ал Бердіқожа тамының түбінде отырған Балтабек Жұмабековтың бір тоқтысы да шығынға ұшырамапты. Тіпті, екі-үш шақырым қашықтықта жауған бұршақ бұл жерге тамбаған. Көпшілік мұны батыр аруағының қасиетіне балайды. Маңайдағы ауылдардан батыр бейітінің басына арнайы келіп, осында түнеп бала сұрап, бас амандығын тілеп жүрген келіншектер әлі күнге бар екен.

Батыр жерленген жердің тағы бір ерекшелігі, бұл жай ғана жер емес. Тарихи мекен! Белгілі тарихшы Құрманғали Хамидұлының «Тауарих хамса» кітабында жазылғанындай, Абылай хан шүршітке қарсы қол жинап, соғысқа аттанарда дәл осы Дағандел өзенінің бойына ордасын тіккен екен. Бұл – баяғы Құнанбай қажы әкесі Өскенбайға үш жүзге сауын айтып ұлан-асыр ас берген жер! Ас берілген Көкшетау тауы ежелгі «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырындағы Жорға тауының аралығында, Ащы мен Көкше суларының құйылысы Дағандел өзенінің бастауы оң қабақ, биік жерде тұр. Сарыарқаның осындай шұрайлы, кең алқап төсін алаштың хас батыры, қазақтың қайсар ұлы Бердіқожа батыр да тегіннен тегін таңдамаса керек.

Бердіқожа батырдың кіндік қаны тамған ата қонысы Сыр мен Келес өзендерінің аралығы екендігінде ешкімнің шүбәсі болмауы тиіс. Батырдың атадан-балаға жалғасқан Шанышқылы руынан тарайтын ұрпақтары өсіп – өркендеген, бүгінде Шымкент, Сарыағаш, Ташкент, Тараз, Алматы, Түркістан, Кентау және тағы басқа қалаларда тұрып, жтыр. Өнген, өрбіген, өрісі кең ұрпақтары баршылық.

Осы арада оқырмандарға Шанышқылы руы жөнінде аз-кем мағлұмат бере кетсек артық болмас деп ойлаймын. Шанышқылы руының арғы тегі жөнінде белгілі зерттеуші, қаламгер Орман Темірбайұлы, Сейділдә Өкметкәрімұлы, Мекембай Омарұлы, Керімбай Борамбаев, Немат Келімбетовтер өз кітаптарында егжей-тегжейлі жазды. Біз оның бәрін қайталап жатпаймыз. Анығы сол, Шанышқылы тайпасының Ұлы жүзге жататын Қаңлы руымен аталас, сонау көне заман Майқы дәуірінен келе жатқан өз алдына іргелі екендігі шындық. Ал осы Шанышқылы елінің бір бұтағынан тараған Бердіқожа бабамыздың қазақ жерінің, қазақ елінің тұтастығы жолындағы ерлігі бүгінгі ұрпақ біз үшін зор мақтаныш әрі үлкен өнеге.

Ойға оралған мына шумақтар бабаның тұлғасын тағы бір аша түскендей:

Айналдым аруағыңнан, батыр бабам,

Мақтаныш әрқашанда атың маған.

Халықты қаршадайдан сен қорғадың,

Ел үшін отқа түсіп лапылдаған.

Айқасып қырғызбен де, жоңғармен де,

Шығыпсың атой салып жау келгенде.

Түспепсің өле-өлгенше ат үстінен,

Қорған боп қасиетті ел мен жерге.

Қабанбай, Көкжал Барақ – жан жолдасың,

Кезіпсің Сарыарқаның тау мен тасын.

Кемде емес ақылға да, айлаға да,

Талайдан батырлығың болған басым.

Жапырып қалың жауды жолыңдағы,

Бастапсың Ұлы жүздің қолын дағы.

Зиратың тағдырыңды әйгілеп тұр,

Сақталған Сарыарқаның жонындағы.

Таба алмай жүруші едім дерегіңді,

Тапқанда топырағыңды ел егілді.

Көргенде күмбезіңді тозып біткен,

Білмедім көзге жас ап, не дерімді.

Қалыпсың жұрт аузында аңыз болып,

Салыпсың жауларыңа нағыз жорық.

Қаныңа ортақ бопты қапия да,

Аңдыған Есенқұлдай жауыз келіп.

Мұндайға жаны шыдап кім тұрады?

Есітіп жан жүрегім шырқырады.

Әкем де өсиет етіп кетіп еді,

«Жан бабам табылады, – деп бір күн әлі»

Сені іздеп араладым талай жерді,

Тілекті көптен күткен құдай берді.

Білмеген қадіріңді сұрқай заман,

Кешірім аруағыңнан сұрайды енді.

Парыз көп мойнымызда саған өтер,

Еместей ерлігіңе баға жетер.

Киелі рухыңмен демеуіңді,

Сан ұрпақ әлі талай керек етер.

Күні ертең көтеріліп күмбезің де,

Тұрады жарқ-жұрқ етіп күн көзінде.

Өшпейтін ерлігіңмен жырға айналып,

Жасайсың еліңменен бірге өзің де!

Аспандап көтерілер даңқың сенің,

Атыңды ұмытпайды халқың сенің.

Жан баба тағзым етіп рухыңа,

Келешек ұрпақтарға жол сілтедім.

Қысылсам өзің қолда киеңменен,

Ұрпақ па рухыңа сүйенбеген?

Ғажайып ерлігіңді, шежіреңді,

Жоғалтпай енді мәңгі иемденем!

Біздің ең алдымен осы Бердіқожа батыр туралы деректерді іздеуге түрткі болған, қазақтың шежіресін, аймақтың тарихын жетік білетін, көпті көрген, көзі ашық Нұрмұхамед Әжіметов ақсақалға ризашылығымыз шексіз. Осы ретте батырдың мұрасын зерттеп, оны тиянақтап, көпшіліктің назарын аударған бабамыздың  ұрпағы Үміткен Сүйіншіқызының еңбегін де айта кеткен жөн.

Сондай-ақ, кезінде Ташкентті билеген датқа Молдақошық, Баба түкті шашты Әзиз атамыз, батыр Қасымбек пен Қараман, атақты күйші-сазгер Қазанғап Тілепбергенұлы, мемлекет және қоғам қайраткері Қаратай Тұрысов, жазушылар Немат Келімбетов және Тұтқабай Иманбеков, әйгілі әнші Жамал Омарова, ел құрметіне бөленген Мейрамбек Жексембиев,Ошақбай Көлбаев пен Аралбай Байсапаров ағаларымыз, генерал  Шахнұрат Алимов, Кеңес Одағының батырлары Ілесбек Жолдасов пен Ілияс Оразов, «Отан» орденінің иегері Тұрдымұрат Әзімбаев, Таир Тастандиев, Алқар Оңғаров, халық әртісі  Алмагүл Сүгірбаева, академиктер Усмадияр Маханов, Досым Сүлеев пен Өрісбай Чоманов, еңбек ардагері, зейнеткер Ғабдолла Баймұрзаұлы Бүркітбаев ағамыз, Тәжібай Ілесов, Қасым Сарыбаев, Ыбрайым Байсынов, Асқар Жұманов,  Еуропа, әлем біріншіліктерінің жүлдегері, боксшы Нұржан Сманов және тағы басқа қазаққа белгілі азаматтар мен осы жолдардың авторы да Бердіқожа батырдың ұрпақтары екенін мерей-мәртебе тұтады.

Осы ретте батырдың тұстасы, қазақтың қайсар да рухты ақыны Ақтамберді жыраудың:

Білімді туған жақсылар,

Азда болса көппен тең!

Жақсысы кеткен ауылдың,

Артынан жақсы шықпаса,

Өртеніп кеткен жермен тең!

- деген аталы сөзінің ақиқаттығына тағы  бір көз жеткізгендей боласың. Ұрпағы бардың – ұланы бар, ал ұланы бардың – ұлылығы ұмытылмайды…

Бір әттеген-айы, батырмен жорықтас, үзеңгілес болған Бөгенбай, Қабанбай, Қарасай, Райымбек, Жәнібек сынды батырлардың есімдері Қазақ елінің көп қалаларындағы көшелерге, білім мен мұражайларға беріліп жатқанда Бердіқожа атының ешбір жерде аталмауы көңілге қаяу түсіреді. Демек, Шанышқылы Бердіқожаның тарих сахнасына қайта шығып, кейінгі өскелең ұрпаққа ұран болатын кезі жетті. Тек бұл іске мұрындық, жетекші болатын, қажымай-талмай еңбек ететін нар тұлғалы азаматтар қажет-ақ.

Осы жерде қисыны келетін бір ой, әлі күнге дейін тарихшыларымыз Бердіқожа батырдың туылған жылы мен өлген жылын дәл анықтай алмай келеді. Ұлттық энциклопедияда 1690 жылы туып, 1770 жылы өлді десе, орыс зерттеушісі И. Андреев 1685 жылда туып, 1786 жылдың қантарында қайтыс болды деп жазады. Мұндай әрқилы пікірдің басқа еңбектерде де ара-кідік ұшырасып жүргені жасырын емес. Оны дәлелдеу де – біздің міндетіміз.

Батырдың атын асқақтату – рудың атын әйгілеу үшін емес, қазақтың өткенін бүгінгі күнге жалғастыру, ұрпақтың санасына орнықтыру үшін керек. Қазақ мемлекетін қалыптастыруда қабырғалы іс тындырған хас батырларды құрметтеу – өткенді жаңғырту, болашаққа бағдар жасау, келешекке кемел қадам жасау.

Бердіқожа батырды енді шындап қолға алмасақ – тарих бетінен, ұрпақ санасынан ұмытылып, өшіп қалуы да кәдік. Қазақ елін, Алаш мұратын алға қойған, соған адалдық танытқан хас батыр Бердіқожаның есімін қайта жаңғыртып, оның ерлік ісін «Мәдени мұра» бағдарламасына енгізу арқылы мемлекет тарапынан атқарылатын ресми іс-шаралар тізбесіне қосса, батыр туралы тарихи деректер мен мағлұматтарды жинастырып кітаптар шығарса, деректі фильм түсіріп, туған елінде есте қалдыру шараларын қолға алса – нұр үстіне нұр болар еді.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар.Әр істің нәтижесі салмақты болса, ол соғұрлым маңыздырақ келеді. Бердіқожа батыр туралы әр – тарапқа шарқ ұрып, деректер жинағанда бабамыздың қалдырған ізі мен ісі тарих қойнауында қатпарланып жатқанын айқын байқадық. Батырдың зиратын табу мен ол туралы тарихи – ғылыми дәйектемелер іздеуге, оны бір жүйеге түсіру мен бағалы ақыл – кеңес беруде, кітапқа мақалалар жинауға көмектескен және тағы басқа шаруалардың басы – қасында жүрген азаматтардың есімдерін ерекше ілтипатпен атап кеткен ләзім.

Ең алдымен, еңбек ардагері, зейнеткер Ғабдолла Бүркітбаевқа алғысымыз шексіз. Батыр жөніндегі материалдар табуымызға оның ақыл-пайымы кең жол ашты.

Бүкіл жұмысымыздың бастауында Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданының әкімі Ниқанбай Омархановтың болуы батыр бабаның мұрасын зерттеп, дәйектеп, іздестіруді көп жеңілдетті.

Көрнекті мемлекет қайраткері, үлкен ғалым – қаламгер Мырзатай Жолдасбеков бабаның мұрасы хақында тың ойларды ортаға салып, пайдалы кеңес беруден жалыққан емес. Қазақтың атақты ақыны Несіпбек Айтұлы, батыр туралы көлемді дастан жазумен бірге оның есімін есте қалдыру бойынша бірқатар шаруаларға ат салысып келеді. Үлкен жүректі азамат ағамыз, мемлекет қайраткері Зауытбек Тұрысбеков пен ғалым Серікбай Нұрғисаевтің, дарынды да білікті ғалым Дархан Қыдырәлінің Бердіқожа батыр туралы құнды деректерді топтастырып ғылыми жүйелеуге ақыл-кеңес беруі бағалауға әбден лайықты. Қарымды қаламгер, белгілі журналист Марат Дәдікбай батырдың зираты табылған күннен бастап біздің жұмысымыз алға басып жандануы үшін өзінің шығармашылығымен көмектесіп келеді.

Бердіқожа батыр туралы осы кітаптың баспадан уақытында әрі сапалы болып шығуына, ұлтжанды азамат, іскер кәсіпкер Елекбай Жәнібек зор үлес қосты.

Ал белгілі кәсіпкер, Шанышқылының үлкен келіні Рита Төлегенқызына бабаның мұрасының жинақталып, жұртшылық игілігіне айналуы үшін аянбай тер төккеніне ризалық білдіреміз.

Бақтыбай Қасымбеков,

техника ғылымдарының
докторы, профессор

 

Алдыңғы бетБердіқожа батыр кесенесінің қазіргі жай-күйі Келесі бет"Батыр Баба - Бердіқожа" әні

Пікір қалдыру

Аты(міндетті)

URL